«Қазпошта» АҚ «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының бастамасымен композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған әлемдегі алғашқы пошта маркасын шығарды. Бұл айтулы оқиғаның тұсаукесері 3 маусым күні, Ұлттық рәміздер күні қарсаңында өтеді.

Марка композитордың 95 жылдық мерейтойына орай шығарылып, Қалдаяқовтың өз дәуіріндегі көрнекті музыкант ретіндегі айрықша рөлін айқындайды.
Жобаның авторы және марка дизайны тұжырымдамасының идеялық негізін қалаушы – қордың атқарушы директоры Ботагөз Қалдаяқова. Пошта маркасының дизайнері – Хайролла Рауан Абайқызы.

«Пошта қызметі» филиалының пошта төлем белгілері басқармасының бастығы Омарова Айжан Каримханқызының айтуынша: «Марка шектеулі таралыммен шығарылған, оны еркін сатылымнан табу оңай емес. Филателистер арасында бұл марка сирек кездесетін құнды дүние ретінде жоғары бағаланатыны сөзсіз».
2025 жылы Қор композитордың мерейтойына орай бірнеше маңызды іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Солардың бірі – Ш. Қалдаяқовқа арналған пошта маркасын шығару.
Марка тұсаукесері 3 маусымда «Almaty Creative Hub» алаңында, Марков көшесі, 44 үй, 1-қабатта өтеді.
Байланыс телефоны: +7701 034 4560, Ботагөз Қалдаяқова.