1

«Байқа! Бүгін бай, ертең малай!» – Наурыздың ең көңілді комедиясының постері жарияланды

28 февраля, 2025

«Малай» фильмінің авторлары комедияның ресми постерін ұсынды. Фильм – кассалық «Холоп» франшизасының қазақша адаптациясы. Бұл фильм бұған дейін Түркия, Франция және Моңғолия көрермендерін баурап алған болатын, ал енді қазақ көрерменіне ұлттық бояу, өткір әзілімен және ерекше сюжетімен ұсынылады. Тіпті постердің өзінен-ақ фильмнің қазақы атмосферасы сезіледі.

Сюжет желісіне сәйкес олигарх өз мажор ұлын жөнге салудың төтенше әдісін табады – оны өткен ғасырға жіберіп, қайта тәрбиелеу. Бас кейіпкер Чина байлық пен шексіз еркіндікке үйренген, алайда бір күні оның әлемі тас-талқан болады. Қымбат көліктердің орнына – жүк артқан арба, люкс брендтердің орнына – шапан, шалқыған өмірдің орнына – қарапайым малайдың ауыр тұрмысы. Ең қорқыныштысы – ол бұл жаңа өмірдің шынайылығына сенеді. Постердегі «Байқа! Бүгін бай, ертең малай!» деген слоган да кейіпкердің мажордан қарапайым малайға айналуын айқындап тұр.

Фильм танымал блогер Жеңіс Омаровтың (Zheka Fatbelly) актерлік дебюті болмақ. Режиссер Ернар Нұрғалиевтің айтуынша, Жеңіс өз рөлін шебер алып шыққан және кейіпкерінің харизмасын дәл жеткізе білген. Сонымен қатар, оның комедиялық таланты нағыз жаңалық болғанын атап өтті.

Актерлік құрам да көз тартады: фильмде Дулыға Ақмолда, Лаура Мырзахметова, Жандарбек Садырбаев, Ермек Шынболатов, Хамит Ердеханов, Сабина Мовлаева және Аида Курманғалиева сынды дарынды әртістер ойнайды. Айта кетейік, Аида жақында ғана Берлин кинофестивалінде бой көрсетіп, Armani брендінің ресми парақшасына енген. «Малай» фильмінде ол және өзге де актерлер ұлттық нақыштағы эстетикалық костюмдерде көрініп, қазақ мәдениетінің көркемдігін паш етеді.

Фильмнің премьерасы 2025 жылдың 13 наурызына жоспарланған. Жасампаздар «Малай» Наурыз мейрамының басты отбасылық комедиясына айналады деп уәде етеді.