Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз қарсаңында гүл индустриясы айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды. Бұл мерекенің танымалдығы артып, оған деген сұраныс жыл сайын көбейіп келеді. Гүл өсірушілер мен сатушылар ұсыныстарын кеңейтіп, жаңа трендтерге бейімделуде. OLX аналитикалық қызметінің деректеріне сүйене отырып, осы мақалада 8 наурыз қарсаңындағы гүл нарығының ерекшеліктерін, тұтынушы сұранысының өзгеруін және флористердің жаңа жағдайларға қалай бейімделіп жатқанын қарастырамыз.

Жыл сайын көктемгі әйелдер мерекесі – 8 наурыз қарсаңында гүлдер мен гүл шоқтарына деген сұраныс артып келеді. Бұл ұсыныстардың көбеюі, Қазақстандық онлайн платформалардың, әсіресе OLX сияқты алаңдардың танымалдылығы және креативті гүл композицияларының кең таңдау мүмкіндігі сияқты бірнеше негізгі факторлармен байланысты.
Гүл индустриясындағы жаңа бағыттардың пайда болуы гүл сыйлау мәдениетіне және тұтынушылардың таңдауларына айтарлықтай өзгерістер әкелді. OLX аналитикалық қызметінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда ең көп сұранысқа ие гүлдер – раушан мен қызғалдақ. Әсіресе, қызғалдақтар 8 наурыз қарсаңында үлкен сұранысқа ие, себебі олар көктемнің және әйелдер мерекесінің символына айналған. Алайда соңғы жылдары тұтынушылар гүлдердің жаңа түрлеріне де ерекше көңіл бөле бастаған. Енді тек қызғалдақтар мен раушандар ғана емес, боялған хризантемалар, пиондар, гортензиялар және ранункулюстар да танымал болуда. Сонымен қатар, стандартты гүл шоқтарының орнына, тұтынушылар қораптар мен себеттерге салынған ерекше гүл композицияларын жиі таңдайды. Тағы бір айқын байқалған тренд – бөлме гүлдеріне деген сұраныстың артуы. Қазақстандықтар орхидеялар, антуриумдар және құмырадағы декоративті раушандарды жиі сатып ала бастады. Бұл гүлдер ұзақ уақыт бойы өзінің әсемдігін сақтап, үйге жайлылық сыйлайтындығымен ерекшеленеді.
Егер 2024 жылғы наурызда 2023 жылмен салыстырғанда сатылымға ұсыныстар саны 23%-ға, ал сұраныс 42%-ға артқан болса, биылғы 2025 жылы 8 наурыз мерекесіне орай гүлдер сегментіндегі хабарландырулар саны 35%-ға көбейді. Биылғы сұраныс әзірге 48%-ға өсім көрсетті. Бөлме гүлдерін сату ұсыныстары 2024 жылы 3%-ға өсіп, 2025 жылы 18%-дық көрсеткішке жетті. 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда белсенді сұраныстар 4%-ға артқан. 2025 жылы сұраныс тағы 15%-ға ұлғайды. 2024 жылдың наурызында гүлдер, гүл шоғы мен гүл композицияларының бағасы 8,2%-ға өскен болса, 2025 жылы олардың одан әрі 12,6%-ға қымбаттауы болжануда, ал қызғалдақ пен раушан гүлдер сегментінде баға 20-25%-ға дейін өсуі мүмкін.
Мерекелік күндер қарсаңында гүл сататын жеке кәсіпкерлердің белсенділігі артып, олар өз қызметтеріне деген сұранысты күшейтіп, гүл бутиктері мен флористикалық салондарға қарағанда сату үлесінде алға шығып келеді. Сатып алушылар қандай тартымды критерийлерді таңдайтыны туралы жеке кәсіпкер Балжан Есенгалиева (@amortulpan) пікір білдіреді: – «Басты ерекшелігіміз – біз сұраныстың ең жоғары кезеңінде ғана жұмыс істейміз, осылайша жалға алу, коммуналдық төлемдер мен жыл бойы қызметкерлерді ұстау шығындарынан аулақ боламыз. Гүл салондарынан айырмашылығымыз – тұрақты шығындарымыз жоқ, сондықтан баға икемді, ал ассортимент мақсатты түрде қалыптасады. Сонымен қатар біз флористің еңбегін қажет ететін күрделі авторлық гүл шоғырымен айналыспаймыз, керісінше, оңай сатылатын классикалық нұсқаларға басымдық береміз. Бұл бізге сұранысқа жедел бейімделіп, үлкен шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді».
Гүл нарығы – өзгерістерге жылдам бейімделуді қажет ететін қарқынды дамып келе жатқан сала. Дегенмен 8 наурыз мерекесінде оның тұрақтылығы мен сатып алушылардың қажеттіліктеріне бағытталған дайындығы айқын көрінеді. Сондықтан Халықаралық әйелдер күніне дайындық – бұл нағыз өнер, онда клиенттердің қалауын түсіну, жоспарлау және инновациялық тәсілдер сатып алушылардың қызығушылығын сақтап қана қоймай, табысты сатылымдарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.